Құқық бұзушылықтың алдын-алу рейді Алматы ауданында жалғасын тапты
      Бала тәрбиесі бірінші кезекте ата-ананың міндеті. Ал, оны еркіне жіберіп, қараусыз қалдырса, баланың балалығын жасайтыны айқын. Әсіресе, уақытын сауық-сайран құрып, көңіл көтерумен өткізуді жақсы көретін қыдырымпаз жасөспірімдердің жамандыққа ұрынбасына ешкім кепіл бере алмайды. Осының алдын-алу мақсатында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Базис» ресурстық орталығы, құқық қорғау органдарымен бірлесіп Алматы ауданында рейд жүргізді.
      Шолпан Мұратова, Алматы ауданы ІІБ ювеналды полиция тобының инспекторы:
      Мұндай жоспарлы, жоспарсыз рейдтер жиі жүргізіледі. Жоспарсыз рейд те жоспарға сай өтеді. Интернет клубта ата-анасының қарауынсыз жүрген бала Қарағандыдан келген. Ата-анасы Қарағанды қаласында болғандықтан уақытша оңалту орталығына жеткізіледі. Сосын ата-анасымен шұғыл хабарласып, құжаттарын әкелген соң қолхат арқылы алып кетеді.
      Осылайша заңмен түнгі уақытта (сағат 22.00-ден бастап 6.00-ге дейiн) кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз ойын-сауық кешендеріне баруына шектеу қойылмақ. Барлау қорытындысы бойынша 10 шақты интернет клуб, 2 дәмхана, саябақтар мен қала көшелері тексеріліп, 9 жасөспірім уақытша оңалту орталығына жеткізілді. Барлығына әкімшілік хаттама толтырылып, ата-анасының қолхатымен жіберілетін болады. Келесі рейд 2 тамызда Сарыарқа ауданында өтеді.

    http://astana.kz/ сайтынан